Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
Керемет кездесудің қуанышы

Керемет кездесудің қуанышы

15 Тамыз 2014

«Ностальгия» сөзінің мәнін адамдар көп ретте тек мұңды мағынада деп ұғады. Алайда, ностальгия жүрек ауыртатын мұңнан ғана емес, өткен күндерге деген сарғайған сағыныштан да тұрады.

 Содан да болса керек, біздің Қарағанды мемлекеттік медицина университетін әр жылдарда бітіріп кеткен түлектер арада бірнеше жылдар өткен соң осы ордалы оқу ордасының қабырғасында кездесу ұйымдастырып, бір-біріне сағына құшақ жаюды игі дәстүрге айналдырған.

Университет қабырғасынан әр жылдарда үлкен өмір айдынына қанат қаққан біздің түлектер биыл бір күнде бас қосуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы ол қуанышты қауышулар күні сенбі, 28 маусым болып жарияланды.

Биылғы бұл жарқын жүздесулердің жөні тіпті бөлек болды десек, асыра айтқандық болмас. Себебі біздің сүйікті оқу ордамызды осыдан жарты ғасыр бұрын бітіріп шыққан 10-шы түлектер ҚММУ қабырғасында бір-бірімен жүрек кернеген зор сағынышпен қуана қауышты. 50 жыл бұрын бітіріп шыққан оныншы түлектер! Қос мерейтойлы осы қуаныш иелерінің шалқыған көңіл-күйлері бұл күні арнадан асып төгілгендей болды. Даналық пен балалық көріністерге толы кездесу кеші болды бұл. Жан толқытарлық осы ғажайып кездесу кешін ұйымдастырушы – медицина ғылымының докторы, ҚММУ құрметті профессоры Тельман Зейноллаұлы Сейсембеков.  

Ол осы кешке орай арнайы шығарылған «Оныншы түлектерге – 50 жыл» ескерткіш кітабының да авторы. Бұл – кездесуге келгендер үшін ғажап сыйлық. Онда автор өзінің 115курстастары туралы тебірене баяндаған.  Әрбір түлек туралы мол мәліметтер беріліп, құнды фотосуреттер жарияланған. Солардың қатарында А. М. Филатов, Қ. Ә. Әжмұханбетов, А. Б. Баширов, В. И. Колосков, М. Т. Айтқұлов, И. Л. Сова, З. Е. Бавельский, В. Г. Бекк, Е. С. Баймышев, В. В. Каравай сияқты танымал жандардың есімдерін зор мақтанышпен айта аламыз. Бұлар біздің оқу орнын 1964 жылы бітірген түлектердің бір бөлігі ғана болып табылады.

Кездесуге жиналған курстастар өздерінің тым алыста қалған студенттік жылдары жайлы тебірене әңгімеледі. Өмірден озған достарының есімдерін еске алып, олардың рухына тағзым етті. Жалындаған жас шақтарының қызықты да жарқын сәттерін сағынышпен ортаға салды. Олар біздің оқу орнының тұңғыш ректоры П. М. Поспелов пен басқа да көптеген ұлағатты ұстаздарының есімдерін үлкен ризашылықпен еске алды. Ал келесі күні ҚММУ акт залында түлектер кездесулері одан әрі жарасымды жалғасын тапты.  Бұл туралы газетіміздің алдағы сандарында кеңірек баяндайтын боламыз.

Vivat academia!


0
20600

пікірлер

пікір қалдыру үшін.