Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
ҚММУ мемлекеттік тіл апталығы.

ҚММУ мемлекеттік тіл апталығы.

23 Желтоқсан 2014

Тәуелсіздік күніне орай, 2014-жылдың  8-желтоқсан және 12-желтоқсан аралағында кең масштабта өткізілген «Медицина білімі – мемлекеттік тіл аясында» апталығы университет оқытушылары мен студенттері, қызметкерлері үшін көптеген жақсы іс-шараларға толы болды.

Аптаның бірінші қызу жұмыс күні университетімізге кірген сәттен бастап керемет көңіл күй сыйлайтын патриоттық музыка естіліп жатты, домбыра оркестрі күмбірлеген күйімен қарсы алды. Студенттердің назарына мемлекеттік тілде жарық көрген оқулықтар мен көркем әдебиет көрмесі ұсынылды.

Апталық университет ректоры Досмағамбетова Раушан Сұлтанқызы ханымға белгілік эмблеманы тапсырудан басталды. Университетіміздің Ғылыми кеңес залында «Тақиялы періште» атты кинофильмінде басты рөлді сомдаған актер Әлімғазы Райымбековпен кездесу кеші ұйымдастырылды. Кеш қонақтарына студенттер, оқытушылар және қызметкерлер тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, кеш қызықты өтті.  Кафедралар арасында өткен «Апталыққа ат салысып жатырсыз ба?» конкурсына сараптау жүргізу үшін комиссия төрағасы оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Вилен Борисовичтің төрағалығымен кафедралар араланды. Сараптау комиссиясының шешімі бойынша «Апталыққа ат салысып жатырсыз ба?» атты конкурсында І орын «Патологиялық физиология» кафедрасына, ІІ орын «Клиникалық  фармакология және дәлелді медицина» кафедрасына, ІІІ орын «№2 балалар аурулары» кафедрасына берілді.

Студенттер мен оқытушылар арасында өткізілген шығармашылық көрме өтіп, үздік студенттер таңдалды. «Үздік шығармашылық жұмыс» атты конкурсында І орынды «Жалпы медицина және стоматология» факультетінің студенті Олжас Сағындықов алды.

Сәрсенбі күні бас ғимараттың холында өткізілген «Жасасын, қазақ тілі!» флешмобы студенттерге керемет көңіл күй сыйлап, патриоттық сезімдерін арттыра түсті.

Оқу процесіндегі туындап жататын өзекті мәселелерді ортаға салып, өзіндік шешім табу үшін студенттер қауымы мен оқытушылар арасында дискуссия туындатқан «Медицина білімі – мемлекеттік тіл аясында» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелі де жоғары дәрежеде өтті. «Үздік эссе» атты конкурсында І орынды ЖМФ 1-курс студенті Мейрамкүл Ибадуллаева жеңіп алды.

Бейсенбі күні студенттер мен оқытушылар арасында  «Елім менің» зияткерлік ойыны аптаның кезекті іс-шарасының жалғасы болды. Еліміздің тарихын, бүгінгісі мен мәдениетін еске түсіріп, ой қозғалттырған бұл сайыс студенттердің жеңісімен аяқталды.

Жұма «Қазақ тілі-тұғырым» атты мерекелік концертімен қазақ тілі апталығының қорытынды күні болды. Көрермен назарына бір апта бойы өткен  іс-шаралар  бейнеролик арқылы көрсетіліп, арнайы шақырылған кештің қонағы ақын Н.Рымбай арнауымен жыр шашылды. Мерекелік концертті үш жұптың айтысы ажарландыра түсті. Әділқазылар алқасының мүшесінің шешімі бойынша І орынға ЖМСФ 2047- тобының студенті Сапарханұлы Абзал мен ЖМСФ 1001-тобының студенті Айым Өтебаева иеленді,  ІІ орын ЖМФ 3033-тобының студенті Назгүл Смағұл мен ЖМФ 1028-тобының студенті Әбдір Азаматқа, ал ІІІ орын ПМБФФ 3001-тобының студенті Қалтай Шамшырақ пен жалпы гигиена кафедрасының оқытушысы Жеңісбек Жарылғасынұлына берілді.

Атаулы шара студенттер мен қызметкерлердің көңілінен шығып, келесі жылдан бастап дәстүрлі мерекеге айналмақ.


0
18616

пікірлер

пікір қалдыру үшін.