Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны

23 Маусым 2015

Елімізде тұңғыш рет Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен 2015 жылдың 9-13 маусым аралығында Қарағанды облысының «Спасск» оқу орталығының базасында 320 әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, республикалық 8 әскери мектеп-интернаттың 160 (Алматы, Шымкент, Қарағанды, Семей, Павлодар, Ақтөбе), «Арыстан» лицейі мен «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындарының 25 әскери кафедрасының 250 студенті қатысқан «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны болып өтті. Жиынға ерлермен бірге қыздар да қатысты.

Жарыстың бағдарламасына әскери-қолданбалы спорт түрлері, атыс және пневматикалық қарудан ату бойынша, әскери эстафета, сондай-ақ әскери-далалық тактикалық ойындары енгізілді.

Аталған жиынға Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің әскери кафедрасының командасын әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша іріктеуде ең жақсы нәтижелер көрсеткен «Жалпы медицина және стоматология» факультетінің 3-4 курс студенттері: А.М. Кабдешев, А.А.Макаров, Е.С. Масабаев, И.Э. Канеев, Д.Е. Киреев, А.Е. Дербисов, В.М.Ахметжан, С.С.Ткачук, Е.Н. Баяшов, Ш.А. Гусенов құрады.

Студенттердің жиынға дайындығы әскери кафедра бастығы, медицина қызметінің полковнигі Мұхаметжанов Амантай Мұқанбайұлының тікелей басшылығы етуімен жүрді. Командаға парадтық, далалық және спорттық киім формалары сатып алынды. Команданы жиынға кетер алдында әскери кафедраның бастығы жігіттерге сәттілік тілеп, жақсы жетістіктерге жетулеріне тілектестігін білдірді.

2015 жылдың 10 маусымында «Айбын» I Республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылуында Қорғаныс Министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас Штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов сөз сөйледі. Ол өткізілетін шаралардың маңыздылығын, жиынға қатысушы жастардың алғаш рет әскери дайындықтың бірегей мектебінен өтетінін, замануи техника мен қару-жарақты, байланыс құралдарын, қазақстандық әскердің барлық түрлері мен әскери киім үлгілерін көретіндіктерін, өз күштері мен мүмкіндіктерін сынай алатындықтарын, баға жетпес тәжірибе мен жаңа достар табатындықтарын атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша әскери-қолданбалы спорт түрлерінен командамыздың студенттері Е.С. Масабаев (арқада жатып денені көтеру түрінен) бірінші орынға, А.А. Макаров (АК-74 автоматын бөлшектеу-жинау түрінен) екінші орынға ие болды. Команданың қалған студенттері де жақсы нәтижелер мен жоғары әскери тәртіпті, ұйымшылдықты, өзара көмек көрсетуді және шыдамды мінез көрсетті.

Жиынның аяқталу кезеңінде команда қатысушылары таңғы сағат 6.00-де «Дабыл» белгісімен ұйқыдан тұрғызылып, әскери киімін киіп, жабдықтар мен қаруларды алып, шоғырлану аймағына барып әскери-далалық тактикалық ойындарға қатысты. Жастар алғаш рет әскери құрғақ тамақтың дәмін татып, жатып ату үшін окоп қазып, азимут бойынша жергілікті жерге бағдар жүргізді, РХБ қорғаныс құралдарын қолданып, залалданған жерлерден өтті,  әскери жорық жасады.

Жиынның соңғы күні, әскери-далалық тактикалық ойындарды өткізгеннен кейін, әскери кафедралардың тұсаукесерлері өткізілді. Біздің кафедра университетіміздің туын, әскери кафедра логотипі бар  баннерді, университетіміздің тарихы мен қызметі бейнеленген альбомдарды, кафедра бастығының жетекшілік етуімен мемлекеттік және орыс тілдерінде шыққан республикалық деңгейде қолданылатын оқулықтарды, оқу-құралдарын көрсетті.

2015 жылдың 13 маусымында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының жабылуына Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрі Иманғали Тасмағамбетов қатысып,  мұндай ауқымды шараларды өткізудің басты мақсаты жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде, олардың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызметті өтеулеріне қажет дағдылар мен машықтарды қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың әскери-қолданбалы және техникалық дайындықтарын қалыптастыру болып табылатынын атап өтті.

ҚММУ әскери кафедрасының

аға оқытушысы,

запастағы подполковник 

С.Горшков


0
17912

пікірлер

пікір қалдыру үшін.